Accessibility links

Испания Әблязовтің экс-оққағарына саяси баспана берді


Александр Павловтың Интерпол сайтындағы суреті.

Александр Павловтың Интерпол сайтындағы суреті.

Испания жоғарғы соты бұрынғы қазақстандық банкир Мұхтар Әблязовтің оққағары болған Александр Павловқа саяси баспана беру туралы шешім шығарған. Испаниялық Elpais басылымының хабарлауынша, жоғарғы сот бұған дейінгі ішкі істер министрлігінің Павловқа "саяси баспана беруден бас тару және оны Қазақстанға экстрадициялау" шешімінің күшін жойған.

Басылымның дерегінше, жоғарғы сот Павлов адвокаттарының министрлік шешіміне берген шағымын қарап, ішкі істер министрлігінің "Павлов Испанияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді" деген ұйғарымын негізсіз деп тапқан.

Павловқа саяси баспана берілгені туралы "Республика" медиа-тобының құрылтайшысы Ирина Петрушева да хабарлады. Facebook-тегі парақшасында ол "Александр Павлов Испаниядан саяси баспана алды. Шешімді жоғарғы сот шығарған және оған апелляциялық шағым берілмейтін түпкілікті шешім" деп жазған.

Испания соты 2014 жылдың тамызында бұрын Мұхтар Әблязовтың қауіпсіздік қызметінің басшысы болған Александр Павловты "саяси баспана туралы өтініші қаралғанға дейін" кепілдікпен босатқан. Ол 2012 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның сұрауы бойынша ұсталып, Испания түрмесінде қамауда отырған.

Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары Александр Павловқа тағылған айыптың саяси сипаты барын айтып, Испания үкіметін оны Қазақстанға қайтармауға шақырған. Еуропа Одағына мүше елдер арасында тек Испаниямен ғана Қазақстан экстрадиция туралы келісім жасасқан.

XS
SM
MD
LG