Accessibility links

Назарбаев президент сайлауын өткізуді талқылады


Қазақстандағы оқу орындардың бірінде өткен сайлауды қолдау шарасы. Алматы. 20 ақпан 2015 жыл.

Қазақстандағы оқу орындардың бірінде өткен сайлауды қолдау шарасы. Алматы. 20 ақпан 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 25 ақпанда Астанада сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов және премьер-министр Кәрім Мәсімовпен президент сайлауын өткізу мәселесін талқылады деп хабарлады президенттің ресми сайты.

Нұрсұлтан Назарбаев "сайлау өткізу бастамасын ел-жұрт, соның ішінде еңбек ұжымдары мен қоғамдық бірлестіктер мүшелері, зиялы қауым, жастар және аға буын талқылап жатқанын" айтқан.

"Бастаманы парламент палаталары да қарап қолдау білдірді және маған тиісінше үндеу жолдады. Сенаттың сұрауы бойынша конституциялық кеңес осы мәселе жөнінде нормативтік қаулы қабылдады" деді президент Назарбаев

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев "әлемде қалыптасқан тұрақсыздық жағдайында елге Назарбаевтың беделі қажет екенін" айтып, "конституцияға сай келетін президент сайлауын өткізуді" қолдады.

​Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов "мәжіліс депутаттары мен Қазақстан қоғамының түрлі топтары елдің жетістіктері мен әлемдегі ахуалды ескере келіп, сайлау өткізуді қолдап отырғанын" айтқан.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов "үкімет сайлау өткізу үшін заңдық тұрғыдан кедергі көріп тұрмағанын", "Қазақстан-2050" стратегиясын жүзеге асыру үшін дер кезінде президент сайлау өткізу керек" екенін сөз еткен.

Кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастаманы ақпанның 14-інде Астанада өткен кеңесте Қазақстан халқы ассамблеясы көтерген еді. Ассамблея ұсынысын парламент мәжілісі мен сенаты, саяси партиялардың көпшілігі қолдағандарын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG