Accessibility links

Adam bol-ды жабу туралы сот шешімі күшінде қалды


Adam bol журналы өкілдері сот залында отыр. Алматы, 26 ақпан 2015 жыл.

Adam bol журналы өкілдері сот залында отыр. Алматы, 26 ақпан 2015 жыл.

26 ақпанда Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Медеу аудандық сотының Adam bol журналын жабу туралы шешімін күшінде қалдырды. Сот журналдың сот шешіміне қарсы апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады.

Журналдың апелляциялық шағымы қаралған сот үш сағатқа жуық уақытқа созылды. Соттың жарыссөз кезеңі аяқталған соң сот залында отырған журналды жақтаушылар "Adam bol. Қорған бол" деген жазуы бар плакаттарын көтерді.

"Соғысты насихаттады" деген айыппен жабылған журнал өкілдері биліктің талабы мен айыптың дұрыстығына тағы күмән келтірді.

Журнал өкілдері сотқа Орталық Азия демократияны дамыту қоры жүргізген әлеуметтік зерттеулер қорытындысын көрсетті. Қор сауалнамаға қатысқандардан "Adam bol жариялаған мақаладан соғысты насихаттау белгілерін байқадыңыз ба?" деп сұраған. Сұралғандар "соғысты насихаттау белгілері жоқ" деп жауап берген.

Өткен жылдың желтоқсанында Медеу аудандық соты қалалық ішкі саясат басқармасының талап арызы бойынша Adam bol журналының шығуына тыйым салған. Бұған жауап ретінде журналдың бас редакторы Гүлжан Ерғалиева 18 күн аштық жариялаған.

Adam bol редакциясы журналды жабу туралы істің саяси астары бар деп санайды.

XS
SM
MD
LG