Accessibility links

ОСК: Халықаралық бақылаушыларды тіркеу 20 сәуірде аяқталады


Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. Астана, 26 ақпан 2015 жыл.

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. Астана, 26 ақпан 2015 жыл.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына халықаралық бақылаушылар мен шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін тіркеу 20 сәуірге дейін жүргізіледі деп хабарлады бүгін Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) .

ОСК баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, президенттік үміткерлер тіркелу үшін кем дегенде 93 мың 12 адамның қолын жинауы тиіс. ОСк белгілеген тәртіп бойынша қол жинаумен үміткерлердің сенімді өкілдері айналысады.

ОСК жиынында комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сайлау кезектен тыс өтіп жатқандықтан тіркелуге қажетті адамдардың қолын жинау мен жиналған қолдардың шынайылығын тексеру мерзімі қысқартылғанын айтқан. Бұған қоса президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тіл - қазақ тілін еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия құрылған.​

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 25 ақпанда үндеу жариялап, кезектен тыс президент сайлауын өткізуді 26 сәуірге белгілеген. Президент Назарбаев сайлауға қатысу я қатыспау шешімін кейінірек хабарлайтынын айтқан.

Кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастаманы ақпанның 14-інде Астанада өткен кеңесте Қазақстан халқы ассамблеясы көтерген. Ассамблея ұсынысын парламент мәжілісі мен сенаты, саяси партиялардың көпшілігі қолдағандарын мәлімдеген.

Кеше ОСК президенттікке үміткерлерді ұсыну ақпанның 26-сы мен наурыздың 15-і аралығында өтетінін, үміткерлерді тіркеу 25 наурызда аяқталатынын жариялаған.

Үміткерлерді тіркеу аяқталған соң, 26 наурыздан үгіт-насихат науқаны басталып, ол 26 сәуірде аяқталады. Қуандық Тұрғанқұловтың сөзінше, бұл науқан кезінде 9900 сайлау комиссиясы жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG