Accessibility links

Порошенко: Немцов Кремльдің ісін әшкерелемек еді


Украина президенті Петр Порошенко.

Украина президенті Петр Порошенко.

Украина президенті Петр Порошенко қастандық құрбаны болған ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцов Донбастағы қарулы жанжалға Кремльдің қатысы барын айғақтайтын материалдарды жария етпек болған еді деп мәлімдеді.

Порошенко бірнеше апта бұрын Немцовпен сөйлескенін айтады. «Ол Ресей қарулы күштерінің Украинадағы оқиғаларға қатысы барын бұлтартпайтын дәлелдерді жариялайтынын айтты және Борис ештеңеден жасқанбады» деген Порошенконың сөзін келтірген УНИАН агенттігі. Мәскеу Шығыс Украинадағы сепаратистерге көмектесіп отырғаны жайлы айыптауларды жоққа шығарып келеді.

Порошенко Немцовты Украинаның үлкен досы және Ресей патриоты деп атаған. «Ол өз елінің азаттығын қорғау үшін күресті және сол үшін бәрін берді. Наурыздың 1-і күні ол Украинаны сүйетін, адамдардың құқықтары мен бостандығын құрметтейтін өзге Ресей барын көрсетпек болған еді» деп мәлімдеген Украина президенті.

Ақпанның 28-і күні Киевтің Тәуелсіздік алаңында (Майдан) Борис Немцовты еске алу акциясы өтті. Шараның бұл жерде ұйымдастырылуының себебі – Украинадағы қызғылт-сары революция кезінде және 2013-2014 жылдары Украинаның Еуропа одағымен интеграциясын жақтаушылар өткізген көпшілік акцияларға сол кездері Борис Немцовтың да қатысқанымен байланысты деп хабарлады УНИАН.

Сенбі күні Киев Майданындағы Борис Немцовтың суреттері қойылған жерге украиналықтар гүл шоқтарын әкеліп, қастандық құрбаны болған ресейлік оппозициялық саясаткерді еске алды.

XS
SM
MD
LG