Accessibility links

Тәжікстанда бүгін парламент сайлауы өтіп жатыр


Дауыс беріп жатқан сайлаушы. Душанбе, Тәжікстан, 1 наурыз 2015 жыл.

Дауыс беріп жатқан сайлаушы. Душанбе, Тәжікстан, 1 наурыз 2015 жыл.

Тәжікстан сайлаушылары бүгін парламент және жергілікті өкілді органдарға депутаттар сайлауына дауыс беріп жатыр. Бес жылда бір рет өткізілетін парламенттің төменгі палатасындағы 63 депутаттық орынға ие болу үшін биылғы сайлауға сегіз партиядан 288 кандидат қатысып отыр.

Елді 1994 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Эмомали Рахмон бүгін таңертең сағат он жарымда Душанбедегі сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берді. Бірақ президенттің қауіпсіздік қызметі тәуелсіз басылымдар мен шетелдік баспасөз құралдарының тілшілерін Рахмонның дауыс берген сәтін түсіруге жібермеді деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік қызметі.

Тәжікстан орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, дауыс беру басталған алғашқы үш сағатта 1 миллион 350 мың адам, яғни тізімдегі сайлаушылардың 31 пайызы дауыс берген.

Елдегі үш мыңнан аса сайлау учаскелерінде таңғы сағат алтыда басталған дауыс беру кешкі сағат сегізге дейін жалғасады. Тәжікстанның сайлау заңы бойынша, сайлаушылар тізіміндегі 4,4 миллионға жуық адамның елу пайыздан астамы дауыс берген жағдайда сайлау өткен болып саналады.

Сарапшылардың көпшілігі президент Эмомали Рахмон басқаратын Тәжікстан халық-демократиялық партиясы (ТХДП) бұл жолғы сайлауда да жеңіп шығады деген болжам айтады. Батыс баспасөзі Тәжікстандағы «биылғы сайлау қорытындыларының бұрынғы сайлаудан айырмашылығы болмайды әрі билік партиясы тағы жеңеді» деп жазған.

Соңғы жиырма жылдан астам уақыт ішінде Тәжікстанда өткізілген президент және парламент сайлауларының ешбірін батыс елдері халықаралық демократиялық талаптарға сай еркін және әділетті өткен деп таныған емес.

XS
SM
MD
LG