Accessibility links

Немцовқа қастандық жайлы видео шықты


Борис Немцов қаза тапқан жерге гүл қойып жатқан ер адам. Мәскеу, 28 ақпан 2015 жыл.

Борис Немцов қаза тапқан жерге гүл қойып жатқан ер адам. Мәскеу, 28 ақпан 2015 жыл.

Ресейлік ТВЦ телеарнасы Борис Немцовтың қаза тапқан сәті түсірілген видеоны жариялады. Кремль маңындағы Мәскеу өзеніндегі үлкен көпірде жұма күні кешкісін болған оқиға бақылау камерасына түсіп қалған. Видеода Немцовқа оқ атылған маңнан белгісіз адамның оқиға болған жерге бірден келген автокөлікке отырып кетіп қалғаны көрінеді.

Немцовты камера көзінен жол үстіндегі қар тазалаушы машина көлегейлеп қалғандықтан, саясаткерге оқ атылған сәт видеоға түспеген. ТВЦ репортажында қылмыскер көпірдің астына қарай өтетін баспалдақта жасырынып жол торыған болуы мүмкін деген болжам айтады.

Бұған дейін полиция Немцовқа жанынан өтіп бара жатқан автокөліктен оқ атылған деп хабарлаған еді.

РПР-ПАРНАС партиясының теңтөрағасы, Ярославль облыстық думасының депутаты, Ресейдің бұрынғы вице-премьері 55 жастағы Борис Немцов жұма күні кешкісін Мәскеуде қастандықпен өлтірілген.

XS
SM
MD
LG