Accessibility links

Эстония сайлауында премьер-министр партиясы озып келеді


Эстония премьер-министрі Таави Рыйвас.

Эстония премьер-министрі Таави Рыйвас.

Эстония премьер-министрі Таави Рыйвас өзінің оңшыл Реформалар партиясы парламент сайлауында алда келе жатқанын мәлімдеді. Соңғы мәліметтер бойынша, дауыстардың түгелге жуығын санағандағы нәтиже бойынша, Реформалар партиясы 27,7 пайыз дауыс жинаған.

Таави Рыйвас партиясының басты бәсекелесі - Таллин қаласының мэрі Эдгар Сависаар жетекшілік ететін оппозициялық солшыл Центристік партия 24,8 пайыз дауыс жинаған.

Центристік партия 2004 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің "Справедливая Россия" партиясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған.

Совет Одағы құрамынан шыққан соң Эстония Еуропа Одағы мен НАТО-ға мүше болды. Алайда эстониялықтардың көпшілігі "Мәскеу елге ықпалын арттыруға ұмтылуы мүмкін" деп санайды. Эстониядағы 1 миллион 300 мың халықтың төрттен бірі - этникалық орыстар.

Елдің қорғаныс министрі Свен Миксер 2 наурыз күні "Эстония Батыс елдерімен ынтымақтастығын нығайту үшін қорғаныс қабылетін арттыруы тиіс" деп мәлімдеген.

Украинаның шығысындағы қарулы жанжалға байланысты Ресеймен шекаралас Эстонияда ұлттық қауіпсіздік мәселелері бұл жолғы парламент сайлауының негізгі тақырыптарының біріне айналды.

XS
SM
MD
LG