Accessibility links

Австрия Швейцариядан Әлиев денесіне сараптама жасауды сұрады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев.

Австрия билігі Швейцариядан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы, Вена абақтысында өлі күйінде табылған Рахат Әлиевтің денесін ашып, сараптама жүргізуді сұрады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ресми Вена мұны Әлиевтің қанынан барбитурат препараты табылғаннан кейінгі түрлі долбарларды сейілту үшін сұрап отыр.

Австрия билігі Әлиевті өз-өзіне қол салып өлді және оның өліміне үшінші бір тараптың қатысы барын жоққа шығарған. Бірақ Әлиевтің адвокаттары ресми органдардың бұл айтқандарымен келіспейді.

"Билік бұл оқиғаны ашық және толыққанды тергеудің қолдан келер барлық мүмкіндіктерін жасайды. Қажет болса шетелдік сарапшыларды тартамыз. Швейцария жағы Әлиевтің мәйітіне екінші рет сараптама жасайды" деген Австрия әділет министрі Вольфганг Брандштеттер наурыздың 1-інде Oesterreich басылымына берген сұхбатында. Брандштеттер әділет министрі қызметіне келмес бұрын Әлиевтің адвокаты болған.

Австрия прокуратурасы бұған дейін Әлиевтің мәйітіне жасалған алғашқы сараптамада алдын-ала қорытынды бойынша оның қанынан орталық жүйке жүйесіне теріс әсер ететін препарат - барбитурат табылғанын, бірақ ақтық шешім бірнеше күннен соң белгілі болатынын хабарлаған. Бұл ақпарат Әлиевтің адвокаттарының марқұм өз-өзіне қол жұмсады деген болжамға қатысты күдігін күшейте түскен.

Әділет министрлігі оқиғаны тергеу барысын қадағалайтын тәуелсіз топ құрды.

Өлі күйінде табылған ақпанның 24-і күні Әлиев өзін өлтіретінін айтып, қоқан-лоққы жасаған өзге екі тұтқынға қарсы сотта куәлік беруі тиіс болған.

Вена түрмесінде 2014 жылдың маусымынан бері қамауда отырған 52 жастағы Рахат Әлиевке Австрия прокуратурасы жарты жылдан кейін «Нұрбанктің» екі топ-менеджері - Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің өліміне қатысы бар деп айып таққан. Қазақстан билігі оны «екі адамды ұрлап әкетіп өлтірді әрі мемлекеттік төңкеріс әзірледі» деген айыппен сырттай 40 жылға соттаған.

Рахат Әлиев өзіне тағылған айыптарды "саяси астары бар" деп жоққа шығарып, өзінің кінәсіз екеніні айтып келген. Былтыр маусымның 5-і күні Әлиевтің соңғы жылдары тұрақтаған Мальтадан Венаға "өз еркімен келгені" хабарланып, ол Австрия билігінің тергеу істеріне көмектесу үшін "тексеру барысындағы қамауда" отырған. Тергеу аясында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиевтің серігі Вадим Кошляк та тұтқындалған.

XS
SM
MD
LG