Accessibility links

Оппозиция өкілдері Немцовтың қазасына көңіл айтты


Борис Немцовты еске алу шеруінде шерушілер ұстап шыққан Немцовтың портреті. Мәскеу, 1 наурыз 2015 жыл.

Борис Немцовты еске алу шеруінде шерушілер ұстап шыққан Немцовтың портреті. Мәскеу, 1 наурыз 2015 жыл.

Қазақстан оппозициялық саясаткерлері мен бір топ журналист бүгін белгілі саясаткер, Ресейдегі оппозиция жетекшісі Борис Немцовтың қазасына орай көңіл айтты.

Саясаткерлер Төлеген Жүкеев, Әміржан Қосанов, Маржан Аспандиярова, құқық қорғаушылар Евгений Жовтис, Сергей Дуванов, журналистер Рысбек Сәрсенбайұлы, Гүлжан Ерғалиева, Ермұрат Бәпи, Жанболат Мамайдың атынан жасалған мәлімдемеде "Қазақстанның демократиялық қоғамы атынан Немцовтың отбасы мен жақындарына және бүкіл Ресей халқына шын жүректен көңіл айтамыз" деп жазылған.

"Қазақстанда Борис Ефимұлын көп адам білетін, оны мемлекеттік қайраткер, реформатор, Ресей билігінің империялық амбициясымен, коррупциямен және авторитаризммен күресуші өзіндік ұстанымы бар саясаткер ретінде құрметтеді. Борис Немцов Ресейдегі ең белсенді әрі танымал саясаткер ғана емес, көптеген қазақстандықтар үшін прогрессивтік саяси бағыттың символы болды. Осы себепті де біз оның өлімінің саяси астары бар деп санаймыз" дейді мәлімдеме авторлары.

Қазақстанда бұған дейін де бірнеше оппозиция өкілінің "саяси тапсырыс бойынша қаза тапқанын" және "ол қылмыстардың ашылмай қалғанын" жазған оппозиция өкілдері Еуразия экономикалық одағы аясында "Қазақстан да Ресейдегідей оппозиция өкілдерін қатаң басып-жаныштап жүрмей ме" деген алаңдаушылық білдірген.

Борис Немцов ақпанның 27-сі күні Мәскеуде қастандықтан қаза тапты. 55 жастағы саясаткерге бірнеше рет оқ атылып, жарақаттан оқиға орнында көз жұмған.

Борис Немцов 1991 жылы Нижегород облысының бірінші губернаторы болып тағайындалған еді. Кейін Ресей үкіметіне ауысып, жанармай мен энергетика министрі (1997), үкімет төрағасының бірінші орынбасары (1997—1998) қызметтерін атқарды. 1998 жылы «Россия молодая» либералдық қозғалысын құрған, кейін «Правое дело» коалициясы (1998—2000) мен «Союз правых сил» партиясының негізін қалады.

Борис Немцов Ресей парламентіне де бірнеше мәрте сайланған, 1990 жылы РСФСР халық депутаты, 1993 жылы Федерация кеңесінің депутаты қызметтерін атқарды, 1999 - 2003 жылдары мемлекеттік Думаның депутаты, СПС фракциясының жетекшісі болды. Оппозициялық «Солидарность» қозғалысының құрушысы, «РПР-ПАРНАС» партиясының тең төрағасы, Ресей оппозициясы үйлестіру кеңесінің мүшесі Борис Немцов аймақтық сайлауға да қатысып, 2013 жылы Ярославль облыстық думасына «РПР-Парнас» атынан депутат болып сайланды.

Борис Немцов Ресейдегі саяси ахуалды сипаттайтын «Путин. Қорытынды. 10 жыл» және «Путин. Коррупция» кітаптарын жазған. Ол президент Владимир Путиннің кезіндегі ең ірі оппозициялық наразылық шараларына айналған «Наразылар шеруі» («Марш несогласных») мен «Әділ сайлау үшін» («За честные выборы») митингілерін ұйымдастырған еді. Кремльдің Батысқа қарсы саясатын ашық сынап келген Немцовтың әлеуметтік желілердегі жазбалары кең тарап, қызу талқылана бастаған болатын.

XS
SM
MD
LG