Accessibility links

Түркістан базарындағы өрттен бір адам ауруханаға түсті


Өртенген "Қуаныш" базары. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 2 наурыз 2015 жыл. Суретті Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдері түсірген.

Өртенген "Қуаныш" базары. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 2 наурыз 2015 жыл. Суретті Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдері түсірген.

2 наурыз күні Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы «Қуаныш» базарынан өрт шығып, бір кәсіпкер күйіп қалған. Бұл туралы Азаттыққа облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Нұрлан Темірбаев хабарлады.

Нұрлан Темірбаевтың айтуынша, базардың 600 шаршы метр аумағын шарпыған өрт таңғы сағат төрттер шамасында шыққан. Төтенше жағдай қызметкерлері жалынды сағат ондар шамасында толық сөндірген.

Өрт кезінде базардың бір кәсіпкерінің денесі күйіп, Түркістан қалалық ауруханасына жеткізілген.

«Оқиға орнында қоғамдық тәртіпті қадағалау мен өрт орнын оқшаулау және базардағы мүліктерді талан-таражға түсірмеу үшін Түркістан қаласының Ішкі істер басқармасынан 231 қызметкері жұмылдырылды» дейді Нұрлан Темірбаев.

Түркістан қалалық ауруханасының бас дәрігері Алима Сәкеева Азаттыққа күйген адамның ауруханаға таңғы сағат алтылар кезінде жеткізілгенін айтады. «Науқастың денесінің 15 пайызы күйген. Қазір жағдайы орташа» дейді бас дәрігер.

Қазір өрттің шығу себебі мен материалдық шығынның көлемін тәртіп сақшылары анықтап жатыр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG