Accessibility links

Министрлік екпе салдарын "дәріге сезімталдық" деп түсіндірді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қызылшаға қарсы екпе салынған жасөспірімдер жағдайының нашарлауы организмнің сезімталдығымен байланысты деп мәлімдеді бүгін Астанада денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Құлқаева журналистерге арналған дөңгелек үстелде.

Құлқаеваның сөзінше, екпеге байланысты жағдайды тексеруге халықаралық сарапшылар шақырылған.

- Кеше екпеден соң жағдайы нашарлады делінген әрбір науқастың ахуалы жеке-жеке қаралады деген шешім қабылданды. Бүгінге дейін осындай 294 науқастың отызының жағдайына талдау жасалды. Қалғандары әлі тексеріліп жатыр, - деді Гүлнар Құлқаева.

Министрлік шақыртқан сарапшылардың бірі, испаниялық доктор Федерико Мартино-Торес жасөспірімдер жағдайының нашарлауы оқиғалары "екпемен немесе екпенің сапасымен, я екпеден кейінгі қандай да бір жағымсыз нәрселермен байланысты емес" дейді. Оның сөзінше, екпеден кейін жасөспірімдердің жағдайы қысқа уақытқа ғана нашарлаған және бұл олардағы дәріге деген әдеттегі реакция.

Ақпан айында Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында қызылшаға қарсы екпе салынған соң 86 жасөспірім ауруханаға түскен. Кейін олардың 24-і Ақтаудағы облыстық ауруханаға жеткізілген. Қарағанды облысының Теміртау қаласында да қызылшаға қарсы екпеден соң медициналық коллеждің 18 студенті аруханаға түскен.

Ақпанның 19-ы күні Қазақстанда қызылшаға қарсы екпе салуды тоқтатуға шешім қабылданған.

XS
SM
MD
LG