Accessibility links

Сот «Сарыағаш ісін» қайта тергеуге жіберуді ұйғарды


Ынтымақ ауылының әкімдігі алдында тұрған полиция қызметкерлері. 11 ақпан 2015 жыл.
Ынтымақ ауылының әкімдігі алдында тұрған полиция қызметкерлері. 11 ақпан 2015 жыл.

«Сарыағаш оқиғасына» қатысты қозғалған қылмыстық істі сот қайта тергеуге жіберуді шешті. Бұл туралы сот қаулысы наурыздың 2-сі күні қабылданған деп хабарлады Азаттыққа Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Абинур Қарабаев.

«Егер бұл қаулыға ешкім шағым түсірмесе 15 күннің ішінде істі Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасына жібереміз» дейді ол.

Сонымен бірге судья осы қылмыстық іске байланысты табылған жаңа айғақ – қаза тапқан адамның автокөлігінің бейнетіркегіш құралы іске тіркелетінін айтты.

«Полицейлер айғақ затты қылмыстық іс сотқа кеткен соң тапқан. Оны марқұмның көлігінен ұрлап, лақтырып жібергені анықталған. Біз оны көрдік, тексердік, іске маңызы бар айғақ зат екеніне көзіміз жетті» дейді судья.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы Ынтымақ ауылы тұрғынының қазасына байланысты «адам өлтіру» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына ақпанның 24-і күні түскен. Ақпанның 3-і күні жасалған қылмысқа күдікті Бостандық ауылының тұрғыны арада бірнеше күн өткенде Өзбекстан аумағында ұсталып, Қазақстанға жеткізілген.

Бұл кісі өлтіру оқиғасынан соң Сарыағаш ауданындағы Ынтымақ және Бостандық ауылдарында ақпанның 5-і мен 6-сы күндері болған тәртіпсіздіктер салдарынан жергілікті тәжік тұрғындарының меншігіндегі бірнеше тұрғын үй мен автокөліктер өртенген.

XS
SM
MD
LG