Accessibility links

Бапкер басшылық бұйрығын сот арқылы өзгертті


Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушысы Игорь Шубин. Алматы. 3 наурыз 2015 жыл.

Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушысы Игорь Шубин. Алматы. 3 наурыз 2015 жыл.

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы бүгін балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің үстел теннисі жаттықтырушысы Игорь Шубиннің шағымын қанағаттандырды. Судья Қадиша Әбсеметова өз қаулысымен Шубинге қатысты Алмалы аудандық соты шешімінің күшін жойды.

Қаңтардың 16-сы күні Алмалы аудандық сотының судьясы Мұхтар Әміров аталған мектеп директоры Наухан Бақбергенұлының жаттықтырушыға қатаң сөгіс жариялау жайлы бұйрығын жоюды сұраған Шубиннің өтінішін қанағаттандырмай тастаған.

Жаттықтырушы талап-арызында 2014 жылы қазанда шыққан бұйрықты «заңсыз» деп тануды сұраған. Мектеп директоры болса Шубинге жариялаған сөгістердің негізі бар әрі заңды деген. Бақбергенұлы Шубиннің «біраздан бері директордың қырына іліктім» деген сөзін де жоққа шығарған. Мектеп директоры биыл ақпанда Шубинді жұмыстан босату туралы бұйрық та шығарып қойған.

Бүгінгі апелляциялық сотта судья екі тарапты бейбіт мәмілеге шақырып, ол үшін жаттықтырушыға жарияланған қатаң сөгіс пен оны жұмыстан босату туралы бұйрықтардың күшін жоюды және Шубинді қайтадан бұрынғы жұмысына қайтаруды ұсынған. Тараптар бұл ұсыныспен келіскен соң, судья оларды бейбіт мәміле туралы құжатты заңды түрде рәсімдеп, жұма күні сотқа тапсыруға міндеттеген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG