Accessibility links

Серіктері Немцов қазасы ашылатынына күмәнді


Борис Немцовты еске алу маршы. Мәскеу, 1 наурыз 2015 жыл.

Борис Немцовты еске алу маршы. Мәскеу, 1 наурыз 2015 жыл.

Қастандық құрбаны болған ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың серіктері оны өлтіргендерді билік тауып, жазалайтынына күмән білдіреді.

Ресейлік саясаткерлер, Немцовтың достары, адвокаты мен көмекшілері «Кремльдің батыл оппоненті әрі өз саяси амбициясы болған адамды өлтіру қылмысын тергеуді билік сиырқұйымшақтандырып жіберуі мүмкін» деген ой айтады деп жазады Reuters.

«Саяси жауапкершілік Владимир Путинге артылатыны шүбәсіз. Ол өз саясатымен келіспейтіндерге қарсы өшпенділік, төзбеушілік пен агрессияны қоздыратын ахуал қалыптастырды» деген оппозиционер Илья Яшин.

Құқыққорғаушы Лев Пономарев бұл қаза «өзгеге сабақ» болуы үшін жасалған саяси кісі өлтіру деп біледі. «Мұндай істер ешқашан дұрыс тергелмегендігін ескеретін болсақ, бұл жолы жағдай өзгеше болады деуге еш үміт жоқ. Олар әлдекімді ұстауы мүмкін, бірақ тергеу бұл адам өлтіру қылмысының артында кім тұрғанын ешқашан атамайды» дейді ол.

Немцовты бұрыннан білетін оппозициялық саясаткер Владимир Рыжков марқұм болған серігі Кремльдегі билікке ерекше қарсылас болғанын айтады. «Оның бойындағы барлық қасиеттері – таптырмас коммуникатор, наразылық акцияларын ұйымдастыратын көшбасшы, билікті әшкерелейтін құжаттар авторы, елде болып жатқан келеңсіз жағдайлар және оларға қарсы не істеуге болатынын Батысқа түсінікті етіп жеткізе алатындығы және оның Мемлекеттік дума, содан кейін президенттік сайлау арқылы билікке оралуы мүмкін екендігі – осылардың бәрі биліктің мазасын қашырды» дейді Рыжков.

Ресей оппозициясының жетекшісі 55 жастағы Борис Немцовты ақпанның 27-сі күні кешке Мәскеуде Кремль маңында атып өлтірген.

XS
SM
MD
LG