Accessibility links

Хадижа Исмаилованы қамау мерзімі ұзартылды


Әзербайжандық журналист Хадижа Исмаилова.

Әзербайжандық журналист Хадижа Исмаилова.

Баку соты абақтыда отырған журналист, Азаттықтың Әзербайжан қызметінің қызметкері Хадижа Исмаилованы қамауда ұстау мерзімін мамырдың 24-іне дейін ұзартты. Сот шешімі жұма күні аяқасты жарияланған. Тергеушілер журналисті қамауда қалдыру шешімін Азаттықтың Әзербайжан қызметінің Бакудегі бюросының қызметін одан ары тексеру қажеттігімен түсіндірген.

Ақпанның 13-і күні Хадижа Исмаиловаға қарсы «салықтан жалтарған» «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан» және «қызмет бабын теріс пайдаланған» деген жаңадан айыптар тағылған. Үкімет шенеуніктері арасындағы жемқорлық жайлы зерттеулермен айналысқан журналист жұма күнгі сот отырысында өзіне «саяси астары бар, қолдан жасалған айыптар» жапсырмақ болып жатыр мәлімдеген.

Азат Еуропа/Азаттық Радиосы басшыларының бірі Ненад Пейч радиоға қарсы іс қозғағау, сонымен бірге Хадижа Исмаиловаға айыптар тағуға іс жүзінде ешандай негіз жоқ деп мәлімдеген.

«Бізде хабар тарату құқығымыз барын растайтын мемлекеттік мекемелер берген құжаттар, бірнеше жылдық аудиттік тексеру нәтижелері мен салық есептерінің құжаттары бар. Бұл айыптаулардың барлығы алынып, Хадижа дереу қамаудан босатылуы керек» деген Пейч.

Әзербайжанда былтыр желтоқсанда журналист Хадижа Исмаилованың абақтыға қамалуын халықаралық құқыққорғаушылар айыптаған. Олар Исмаилованың қуғындалуын елдегі тәуелсіз журналистер мен белсенділердің үнін өшіру мақсатында жоғарғы билік сатысының келісімімен жүріп жатқан науқанның бір бөлігі деп атаған.

2014 жылы желтоқсанда Әзербайжан прокуратурасы Азат Еуропа/Азаттық Радиосы Әзербайжан қызметінің Бакудегі бюросына тінту жүргізіп, сонан кейін жауып, есігіне мөр салған. Прокуратура Азаттықтың Баку бюросына шетелден қаржыландырылатын ұйымдарды тексеру аясында тінту жасалғанын айтқан.

XS
SM
MD
LG