Accessibility links

«Боко Харам» ИМ тобына бағынуға серт берген


«Боко Харам» басшысы Әбубакар Шекаудың (ортада) 2015 жылғы ақпандағы видео-үндеуінен скриншот.

«Боко Харам» басшысы Әбубакар Шекаудың (ортада) 2015 жылғы ақпандағы видео-үндеуінен скриншот.

Нигериядағы «Боко Харам» исламшыл экстремистер тобының содырлары Ирак пен Сирия жерінде «халифат құрып», қырғын жасауымен атышулы «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық тобына бағынуға серт берген.

Ағылшын тілінде жазылған субтитрлері бар арабша айтылған аудиотаспа сенбі күні Twitter әлеуметтік желісінде жарияланған. «Боко Харам» басшысы Әбубакар Шекаудың атынан жасалған бұл мәлімдемеде «Боко Харам» алдағы уақытта ИМ тобына адал болатыны әрі сөзсіз бағынатыны айтылған.

Мәлімдеме Нигерияның солтүстік-шығысындағы Борно аймағының орталығы Майдугури қаласында терактілер болғаннан кейін таратылды. Сенбі күні Майдугуриде төрт жарылыс салдарынан, кейбір деректер бойынша, 54 адам қаза тауып, 140-тан көп адам жараланған. Бұл қылмысты «Боко Харам» тобы жасаған болуы мүмкін деген күдік бар.

Нигерия мен көршілес елдерге шабуылдар жасайтын «Боко Харам» исламшылар тобы өзі басып алған аймақтарда шариғат заңын енгізіп, Батыс елдеріне қарсы соғысуға шақырады. «Боко Харам» содырлары билік өкілдері және мекемелеріне қоса діни ұйымдар жетекшілері мен бейбіт тұрғындарға қарсы шабуылдар жасайды. Соңғы бірнеше жылдың көлемінде «Боко Харам» мыңдаған адамды өлтірген.

XS
SM
MD
LG