Accessibility links

Жақтастары Франциядан Әблязовті қайтармауды сұрады


Қазақстандық диссидент, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов.

Қазақстандық диссидент, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов.

Бүгін қазақстандық оппозицияшыл саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің жақтастары Франция президенті Франсуа Олландқа Әблязовті Қазақстанға экстрадицияламауды сұрап телеграмма жолдады. Телеграммада "Әблязовті Назарбаев пен Путиннен құтқарыңыз" деп жазылған. Өткен аптада Францияның кассациялық соты Лион сотының Әблязовті Франциядан экстрадициялау шешімін күшінде қалдырған.

Акцияға қатысушылардың бірі, түрмеде жатқан оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова Азаттыққа Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы сот шешімін "іс жүзінде өлім жазасы болып саналатынын" айтты. Ресей Мұхтар Әблязовті Қазақстанға беріп жіберуі әбден мүмкін деген Тұрысбекова "Әблязовті саясаткерлерді өлтіретін елге беруге болмайды" дейді. Ол бұл сөзіне дәлел ретінде Ресейде таяуда осы ел президенті Владимир Путинді ашық сынайтын саясаткер Борис Немцовтің қастандықпен өлтірілгенін айтты.

Әблязовтің адвокаттары оның кассациялық сот шешіміне шағым беруге әлі мүмкіндігі барын айтады. Қазақстан әзірге Франциямен азаматтарды экстрадициялау туралы келісім жасаспаған.

Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы түпкілікті шешімді Франция үкіметі қабылдайды.

Қазақстан билігі Мұхтар Әблязовті ол Қазақстаннан кететін 2009 жылға дейін басқарған БТА Банкінен 6 миллиард АҚШ долларына жуық қаржы жымқырды деп айыптайды. Украина мен Ресей де оны қаржылық алаяқтықтар жасады деп айыптап, экстрадициялауды сұраған.

Францияда қамауда отырған Әблязов өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар дейді.

XS
SM
MD
LG