Accessibility links

АҚШ Украинаға қатысты жаңа санкция енгізді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Вашингтон Украинадағы сегіз ресейшіл сепаратистке, Ресейдің үш азаматына, ресейлік ұлтшылдық ұйым мен ресейлік банкке қарсы санкция жариялады.

Бұл жолғы АҚШ санкциясы тізіміне Еуразиялық жастар одағы мен оның үш жетекшісі – Александр Дугин, Андрей Коваленко және Павел Канищев еніп отыр. АҚШ қаржы министрлігінің баспасөз баянында бұл адамдардың өзін өзі жариялап алған «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасына» жасақ болуға адамдар жалдағаны айтылған.

Сол сияқты, Ресей аннексиялап алған Қырым жерінде жұмыс істейтін Ресей ұлттық коммерциялық банкіне қарсы қаржы және виза шектеуі енгізілген.

Қырым, «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасындағы» құрылымдар мен әскери бөлімшелердің бұрынғы және қазіргі сегіз қызметкері санкция тізіміне алынды. Олар Украина егемендігіне қол сұққаны және елдің территориялық тұтастығын бұзғаны үшін айыпталған.

АҚШ-тың жаңа санкция тізімінде Украинаның экс-премьері Николай Азаров, бұрынғы премьер міндетін атқарушы және вице-премьер болған Сергей Арбузов, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Раиса Богатырева бар. Олардың бәрі бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсағаны үшін санкцияға ілінген.

Ақпанның 16-сы күні бұл адамдарға қарсы Еуропа Одағы мен Канада санкция енгізген.

«Егер Ресей Украинадағы тұрақтылықты бұзатын күштерді қолдауын жалғастырып, Минск бейбіт келісімін бұзатын болса, оның айтарлықтай шығыны тек ұлғая беретін болады» деп мәлімдеген АҚШ қаржы министрінің терроризмге қарсы іс-қимыл және қаржы барлауы жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Адам Шубин.

XS
SM
MD
LG