Accessibility links

"Ақ жол" партиясы "Нұр Отан" үміткерін қолдады


 "Ақ жол" саяси партиясының 12-съезі. Астана, 12 наурыз 2015 жыл.

"Ақ жол" саяси партиясының 12-съезі. Астана, 12 наурыз 2015 жыл.

«Ақ жол» партиясы бүгін Астанада өтіп жатқан 12-съезінде Қазақстан президентін кезектен тыс сайлауға өз кандидатын ұсынбай, "Нұр Отан" партиясынан ұсынылған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдайтын болып шешті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, съезде партия төрағасы Азат Перуашев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "ғаламдық деңгейдегі көшбасшы, Қазақстанның көркеюіне орасан зор үлес қосқан тұлға екенін" айтып, партияластарын оның кандидатурасын қолдауға шақырды.

Перуашев «Прагматиктер мен реалистер партиясы ретінде біз кейбір партиялардың өз кандидаттарын елбасы фигурасымен қатар қоюы Назарбаевтың қазіргі Қазақстандағы рөлі мен тұлғасын жөнсіз төмендетеді деп санаймыз» деді.

16 аймақтан келген 100-ден астам делегат съезде «Нұр Отан» партиясы президенттікке ұсынған кандидат Нұрсұлтан Назарбаевты бірауыздан қолдайтынын білдірді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуірге белгіленген. Қазірге дейін өзін-өзі ұсынған үміткер Лимана Қойшиева, Қазақстан коммунистік халықтық партиясы ұсынған Тұрғын Сыздықов пен Нұрсұлтан Назарбаев қана қазақ тілі сынағынан өтті. Оларға өзін қолдайтын 93 мыңнан астам адамның қолын жинайтын парақша берілген.

XS
SM
MD
LG