Accessibility links

Испанияның Кетебаевты Қазақстанға беруден бас тартқаны хабарланды


Қазақстандық оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің жақын серіктерінің бірі, саяси эмигрант Мұратбек Кетебаев.

Қазақстандық оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің жақын серіктерінің бірі, саяси эмигрант Мұратбек Кетебаев.

Қазақстандық оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің жақын серіктерінің бірі Мұратбек Кетебаев бүгін Facebook-те Испания Қазақстанның өзін экстрадициялау өтінішін орындаудан бас тартқанын хабарлады. Бұл жайында Азаттыққа хабарлаған оның әйелі, журналист Ирина Петрушева Мадрид соты Кетебаевты босатып, ол Польшаға кеткенін айтады.

"Испанияның әділет министрлігі Қазақстанның экстрадициялау өтінішіне қатысты жіберген құжаттарын қарап, сотқа бермеу қажет деп шешкен. Прокуратура оған қарсылық білдірмеген. Сондықтан сот менің ісімді жабуға шешім шығарған. 9 наурызда маған женевалық төлқұжатымды (босқындарға берілетін жол жүру құжаты) қайтарып, 11 наурызда мен Мадридтен ұшып кеттім" деп жазады Кетебаев Facebook-те.

2013 жылы желтоқсанда Польшадан саяси босқын мәртебесін алған Кетебаев өткен жылдың желтоқсанында Мадридте Интерполдың сұрауы бойынша ұсталған. Ақтау соты 2012 жылы 11 желтоқсанда оны тұтқындау туралы ордер берген.

Қазақстанда Мұратбек Кетебаевтың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Соның бірі – 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына тиесілі, енді бірі – 2012 жылы «Алматыда теракті ұйымдастыруға қатысты» делінген айып. Кетебаев өзін Қазақстан билігі саяси мақсатта қуғындап отыр деп мәлімдеген.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы өткен аптада Мадридті қамаудан босатуға және оны Еуропа Одағына мүше елдің бірінен саяси босқын мәртебесін алғандықтан Қазақстанға қайтармауға шақырған.​

XS
SM
MD
LG