Accessibility links

ФСБ Қырымда журналисті алты сағат тергеген


Журналист Наталья Кокорина.
Журналист Наталья Кокорина.

Қырымның Симферополь қаласында «Журналистік зерттеу орталығының» тілшісі Наталья Кокорина жұма күні Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) тергеуінде алты сағат өткізген. Бұл туралы оның адвокаты Жемил Темишев хабарлаған.

Оның айтуынша, «Журналистік зерттеу орталығы» жариялаған материалдарға байланысты қозғалған қылмыстық іс бойныша куәгер ретінде тергелген журналисті босатқан соң, екеуі ФСБ ғимаратынан бірге шыққан.

Бұған дейін жұма күні Кокоринаның пәтерінде тінту жүргізілгені, ол жерге барған адвокат Темишевті пәтерге кіргізбей қойғаны туралы ақпарат тараған. Журналистің пәтеріне тінту жүргізгендер кейбір құжаттарды, Кокоринаның ноутбугын өздерімен бірге алып кеткен деп жазады «Журналистік зерттеу орталығы» өз сайтында.

Қырымдағы ФСБ басқармасындағылар «Интерфакс» агенттігіне бұл тақырыпқа байланысты әзірше түсініктеме берілмейтінін айтқан.

Сонымен бірге, жұма, наурыздың 13-і күні ФСБ қызметкерлері Қырымда тағы бір үйді – журналист Анна Андриевскаяның ата-анасының үйін тінтіп, журналистің әкесінің ноутбугын алып кеткен. 2014 жылы наурызда Қырымды Ресей аннексиялап алғаннан кейін түбектен кетіп қалған Андриевскаяның өзі қазір Киевте тұрады.

XS
SM
MD
LG