Accessibility links

Әбілғазы Құсайынов қазақ тілі сынағынан өтті


Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.

Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.

Кезектен тыс президент сайлауына үміткер болуға өзін өзі ұсынған Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов қазақ тілінен сынақтан өтті деп хабарлады жергілікті ақпарат құралдары.

Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, комиссия «Құсайынов мемлекеттік тілді жоғары дәрежеде меңгерген» деген қорытынды жасаған.

63 жастағы Әбілғазы Құсайынов бұрын Қарағанды облысының әкімі, көлік және коммуникация министрі, осы министрліктің автокөлік жолдары комитетінің төрағасы, индустрия және сауда вице-министрі, парламент депутаты болған. 2013 жылдың қаңтарынан ол Қазақстан кәсіподақтары федерациясын басқарады.

Қазақстан кәсіподақтары федерациясы бұл жолғы сайлауды елдің қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасына қолдау білдіретінін мәлімдеген.

Наурыздың 14-і күні тағы бір үміткер – Алматы тұрғыны, 65 жастағы Хасен Қожа-Ахмет өзін өзі президентікке ұсынып, Орталық сайлау комиссиясына өтініш тапсырғаны хабарланды.

Қазірге дейін төрт үміткер – биліктегі «Нұр Отан» партиясы атынан президент Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан коммунистік халықтық партиясы атынан Тұрғын Сыздықов, өзін-өзі ұсынғандар – Лимана Қойшиева мен Қанат Төрегелдиев қазақ тілі сынағынан өтіп, оларға өздерін қолдайтындар қолын жинайтын парақша берілген.

Президенттікке кандидаттарды ұсыну 15 наурызда аяқталады. Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуірде өтеді.

XS
SM
MD
LG