Accessibility links

Украина дәрігерлері тұтқын Савченкомен кездескен


Надежда Савченко Мәскеудің Басман сотында. 4 наурыз 2015 жыл.
Надежда Савченко Мәскеудің Басман сотында. 4 наурыз 2015 жыл.

Украиналық дәрігерлер Мәскеуде тергеу абақтысында отырған украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченкомен кездесуге рұқсат алды. Бұл туралы оның адвокаты Марк Фейгин Twitter арқылы хабарлаған.

Бұл ақпаратты Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин де растаған. «Порошенкодан бастап біздің консулға дейін бірлесіп күш жұмсауының арқасында украиналық дәрігерлер қазір Надежданың жанында» деп жазды министр Twitter желісінде.

Украина мемлекеттік іс басқармасының баспасөз қызметі жұма күні Савченкоға дәрігерлерді жібермей жатыр деп хабарлаған еді. Осыған байланысты тұтқынның адвокаттары Савченкомен кездесуге дәрігерлерді жібермей қойған жазаны орындау қызметінің үстінен Ресей бас прокуратурасына шағым түсіретіндерін мәлімдеген.

Бұған дейін 80 тәулік бойы аштық акциясын өткізген Надежда Савченко егер апта соңына дейін өзіне украиналық дәрігерлерді кездестірмесе наразылық шарасын қайта бастайтынын мәлімдеген. Ресей тергеу орындары Савченкоға Донбастағы ресейлік екі журналистің қазасына қатысы бар деген айып таққан. Савченко тағылған айыптарды жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG