Accessibility links

Заур Дадаев азапталғаны жайлы тағы шағым айтқан


Борис Немцовты өлтірген деген күдікпен қамауға алынған Заур Дадаев.
Борис Немцовты өлтірген деген күдікпен қамауға алынған Заур Дадаев.

Ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцовты өлтірген деген күдікпен қамауға алынған Заур Дадаев өзін азапқа салғаны жайлы тағы да шағым айтқан. Ол өзін үш тәулік бойы жертөледе батареяға кісендеп ұстағаны және тоқпен қинағаны туралы мәлімдеген. Бұл туралы Мәскеу қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі Елена Масюк хабарлаған. Ол әріптесі екеуі наурыздың 14-і күні Мәскеудің «Лефортов» тергеу абақтысында отырған Заур Дадаев және тағы екі күдікті – Анзор мен Шагид Губашевтарға жолыққанын айтады.

Дадаевтың азап көргені туралы өтінішін тергеу абақтысының қызметкерлері «талапқа сай рәсімдемеген» дейді құқыққорғаушы. Оның сөзінше, айыпкер туыстарынан өзіне адвокат жалдауды сұраған. Сонымен бірге Дадаев өзіне жасалған азаптау оқиғалары бойынша қылмыстық іс қозғату үшін «Азаптауға қарсы комитет» аймақаралық қоғамдық ұйымының оған өз заңгерлерінің қызметін пайдалану туралы ұсынысын қабыл алған.

Масюктің хабарлауынша, Немцовтың қазасы бойынша істі жүргізетін тергеуші құқыққорғаушылардан алдын ала тергеу амалдарының деректерін жарияламау жайлы қолхат берулерін талап етіп, тергеу абақтысында естігендерін «үшінші тарапқа» айтуға тыйым салған. Бірақ құқыққорғаушылар әлгіндей қолхат беруден бас тартқан.

Бұған дейін, наурыздың 10-ы күні Немцовтың өліміне қатысты күдікті ретінде ұсталғандармен Ресей президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі кеңес өкілі Андрей Бабушкин және Мәскеу қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі Ева Меркачева абақтыдағы күдіктілерге жолығып шыққан еді. Олар Заур Дадаевтың және Анзор Губашевтың денелерінде «көптеген дақтар бар» деп мәлімдеген. Тергеу комитетіндегілер Бабушкин мен Меркачеваны «тергеу ісіне араласып» істі объективті жүргізуге кедергі жасамақшы болған деп кінәлаған.

XS
SM
MD
LG