Accessibility links

Министрлік хакерлік ісіне қатысты түсінік берді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қазақстан үкіметінің кеңесшілері Калифорния мен Нью-Йорк соттарына қазақстандық шенеуніктердің халықаралық заң фирмаларымен жазысқан хаттарын интернетте жариялану фактісіне байланысты талап арыз түсірді деп хабарлады бүгін Қазақстан әділет министрлігі.

Министрліктің ақпаратына қарағанда, АҚШ соттары Қазақстан үкіметіне кеңесшілік ететін Reed Smith LLP және Curtis Mallet-Prevost Colt & Mosle фирмалары даярлаған шағым бойынша істі қарап жатыр.

Әділет министрлігі 13 наурызда Нью-Йорк округтік соты Қазақстан үкіметіне тиесілі құжаттар мен басқа да жазбаларды заңсыз алып, жариялағандар мен оларға қатысы барларға құжаттарды ары қарай да пайдаланып, таратуына тыйым салу туралы алдын-ала шешім шығарғанын айтады.

Өткен аптада Bloomberg агенттігі Қазақстан билігі үкіметтік компьютерлерді бұзып, қазақстандық шенеуніктердің Нью-Йорктегі заң фирмаларымен жазысқан құпия хаттарын жариялаған белгісіз хакерлерді сотқа бергенін хабарлаған. Агенттіктің дерегінше, интернетте Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко мен әділет министрлігінің жауапты хатшысы Марат Бекетаевтың Қазақстан үкіметі жалдаған Curtis Mallet-Prevost Colt & Mosle заң фирмасы қызметкерлерімен жазысқан хаттары жарияланған.

Бірақ әділет министрлігі мен бас прокуратура ол кезде хакерлерді сотқа беру ісіне қатысты анық ақпарат бермеген.

XS
SM
MD
LG