Accessibility links

Киев: Донбасстан ауыр қару-жарақты әкеттік


Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин.
Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин.

Украина әскері Оңтүстік-шығыс Украинадағы әскери іс-қимылдар аймағынан ауыр қару-жарағын әкетуді аяқтады деп хабарлады бүгін осы елдің сыртқы істер министрі Павел Климкин.

Ресейлік "Коммерсантъ" басылымына берген сұхбатында Климкин қару-жарақты әкету ЕҚЫҰ миссиясының бақылауымен жүзеге асқанын айтады.

Сепаратистердің қару-жарақтарын әкеткені туралы мәлімдемесіне қатысты Климкин Киевте "сепаратистердің әскери техникаларын Донбасстағы ұшақ тұратын орындар мен иесіз қалған зауыттарға жасырғаны" және ол аудандарға ЕҚЫҰ бақылаушыларын жібермейтіні туралы мәліметтер барын айтқан.

Өткен аптаның соңында Украинадағы арнайы бақылау миссиясының басшысы Эртугул Апакан тараптарды Донбасстағы барлық нысандарға бақылаушылардың толықтай және қауіпсіз түрде аралауын қамтамасыз етуге шақырған.

Павел Климкин бұған қоса Донбасстағы өзін-өзі жариялап алған республикалар билігі тұтқында әлі 180 украин сарбазын ұстап отырғанын да айтты.

Украина әскері Донбасста өз позицияларын атқылау әрекеттері азайғанын хабарлап жатыр. Украина шығысындағы арнайы операция штабының хабарлауынша, сепаратистер атыс қаруы мен минометтерден атқылаған. Атыс көбінесе Донецк қаласы, Авдеевка және Широкино елді мекендері маңында болған.

XS
SM
MD
LG