Accessibility links

Украина парламенті БҰҰ бітімгерлерін кіргізуді қолдады


Украина парламентінің сессиясы. (Көрнекі сурет).
Украина парламентінің сессиясы. (Көрнекі сурет).

Украина Жоғарғы Радасы БҰҰ мен Еуропа Одағы (ЕО) кеңесіне Украина шығысына бітімгерлік күштерін кіргізуді сұраған қаулы қабылдады.

"Украинская правда" басылымының хабарлауынша, 17 наурыз күні өткен дауыс беруде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен ЕО кеңесінің Украина территориясында бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау операциясын жүргізуі туралы қаулысын 341 депутат қолдаған. Қаулыны Украина президенті Петр Порошенко даярлаған.

Қаулыға түсіндірме беретін құжатта "Ресейдің басқаруымен және қаржыландыруымен әрекет ететін өзін-өзі жариялаған Донецк және Луганск "халық республикалары" теракт, әскери қылмыс жасап, заңға қайшы басқа да әрекеттер істеп отырғаны" айтылады. Онда "Мұндай әрекеттер салдарынан күн сайын әскери қызметшілер мен бейбіт тұрғындар қаза тауып жатыр" деп жазылған.

Порошенконың пікірінше, Украинаға халықаралық бітімгерлік күштерін кіргізу Минск келісімінде айтылған "қақтығысты тоқтату, ауыр қару-жарақтарды әкету, Украина территориясынан шетелдік барлық қарулы құрылымдарды, әскери техника мен жалдамалыларды шығару, барлық заңсыз қарулы құрылымдарды қарусыздандыру туралы" шарттардың бұлжымай орындалуына ықпал етеді.

Жоғарғы Рада бұған қоса, президенттің 2015 жылы Украина территориясына көпжақты әскери жаттығуларға қатысу үшін басқа мемлекеттердің қарулы күштерін кіргізу туралы шешімін де мақұлдады.

XS
SM
MD
LG