Accessibility links

Қырғызстанда экстремизмге күдікті әйел ұсталды


Қырғызстанда тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" исламшыл ұйымы бөлімшесінің әйел мүшелерін басқарды деген күдікпен бір әйел ұсталды.

Қырғызстан ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, аты-жөні аталмаған әйел 2013 жылдан бері іздеуде жүрген. Күдікті әйел 17 наурызда Қырғызстанның оңтүстігіндегі Баткен облысында жергілікті полицияның тінтуі кезінде ұсталған.

Министрлік тінту ақпан айында "Хизб ут-Тахрир" ұйымына мүше деген күдікпен ұсталған жергілікті діни бірлестік басшысы Рашод Камаловқа қатысты істі тергеумен байланысты жүргізілген дейді.

Полиция Камаловтың жақтастары деп күдіктенгендердің үйлерін тінту кезінде атыс қаруларын, оқ-дәрілер мен экстремистік мазмұндағы заттар тапқан.

Соңғы апталарда Қырғызстанда "Хизб ут-Тахрир" ұйымы мен басқа да исламшыл топтарға мүше делінген бірнеше адам ұсталған. Бірақ экстремизм және терроризм күдігімен әйелдің ұсталуы сирек болады.

Қырғызстан билігі "Хизб ут-Тахрир" жастарды "Әл-Қаида" және "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымдарының стратегиясына сай радикализациялауда үлкен рөл атқарады және оларды Сирия мен Иракқа соғысқа тартады дейді.

Орталық Азия елдері мен Ресейде "Хизб ут-Тахрир" ұйымы экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG