Accessibility links

Молдовада Ресей фильміне тыйым салынды


Ресей телеарнасынан "Қырым. Отанға қайту жолы" деп аталатын деректі фильм көріп отырған адам. 15 наурыз 2015 жыл.

Ресей телеарнасынан "Қырым. Отанға қайту жолы" деп аталатын деректі фильм көріп отырған адам. 15 наурыз 2015 жыл.

Молдовада ресейлік "Қырым. Отанға қайту жолы" деректі фильмін көрсетуге тыйым салынды. Ресми Кишинев фильм авторы, журналист Андрей Кондрашов пен "Россия сегодня" агенттігінің бас директоры Дмитрий Киселевті "персона нон грата" деп жариялаған.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Алина Мерличтің хабарлауынша, мұндай шешімді Молдованың миграция бюросы шығарған. Енді Кондрашев пен Киселев бес жыл бойы бұл елге кіре алмайды.

Дмитрий Киселев "Россия-1" телеарнасында жексенбілік қорытынды жаңалықтарды жүргізеді. Андрей Кондрашев өткен аптада "Қырым. Отанға қайту жолы" фильмін осы телеарнада алғаш рет көрсеткен.

Фильмнің біраз бөлігін 2014 жылы наурыздағы Қырымды аннексиялау туралы Ресей президенті Владимир Путиннің берген сұхбаты құрайды.

Фильм кеше "Россия сегодня" телеарнасының молдовалық филиалынан көрсетілуі тиіс еді. Бірақ филиал басшысын Молдованың ақпарат және қауіпсіздік қызметі шақырып, оны "көрсетудің қажеті жоғын" айтқан соң фильм "техникалық мәселелерге байланысты" көрсетілмеген.

Кейін белгілі болғандай, Киселев пен Кондрашев көрсетілімге телекөпір арқылы қатысады деп жоспарланған.

Бұған дейін Молдова президенті Николай Тимофти "Молдованың ішкі ісіне араласатын" бірнеше ресейлік депутаттың елге келуіне тыйым салуды ұсынған.

XS
SM
MD
LG