Accessibility links

Астанада Назарбаев Лукашенкомен кездесті


Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанаға жұмыс сапарымен келген Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшылары кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіп және ауылшарушылығы салаларындағы қарым-қатынастар мәселелерін талқылаған.

Сонымен бірге Назарбаев Лукашенконың Украина дағдарысын реттеуге қосқан үлесін атап өткен. «Қазіргідей тайталас ешкімге пайда бермейтіні туралы біздің ұстанымдарымыз толық үйлесіп отыр» деген ол.

Наурыздың 20-сы күні Астанада Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттерінің үшжақты кездесуі өтпекші. Онда үш елдің өзара экономикалық байланыстары мен сауда-саттығын нығайту мәселелері, сонымен бірге Украинадағы жағдай талқыланбақ.

Бұған дейін наурыздың 12-інде өтеді деп жоспарланған еді. Бірақ кездесуге бірер күн қалғанда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков үш ел басшылары Астанадағы басқосуды кейінге қалдыруды шешкенін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG