Accessibility links

Түрмедегі жаңаөзендік соңғы екі мұнайшы босатылмақ


Жаңаөзен оқиғасына байланысты айыпталып, сотталған екі мұнайшы босатылмақ

Ақтау қалалық сотының судьясы Аида Бұлақбаева Жаңаөзен оқиғасына қатысты сотталған соңғы екі мұнайшы - Нарын Жарылғасынов пен Қанат Жүсіпбаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім шығарды.

Аида Бұлақбаеваның хатшысының Азаттыққа айтуына қарағанда, 19 наурызда қалалық сотта Жаңаөзен оқиғасына қатысты 2012 жылы маусымда алты жылға сотталған Жарылғасынов пен Жүсіпбаевтың өздерін шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініштері қаралған. Судья өтінішті қанағаттандыру туралы шешім шығарып, прокурор оған қарсылық білдірмеген. Үкім 15 күннен соң күшіне енеді.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында қарулы полиция осы елді мекендегі орталық алаңда еңбек мәселесіне қатысты талап қойып, бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп тұрған мұнайшыларға оқ атты. Ресми дерек бойынша, ол оқиғадан 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған.

Осы оқиғаға байланысты 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталған. 2012 жылы маусымда олардың 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге түрме жазасына кесілген. Қалған 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Сотталған 13 адамның барлығы өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған. Бұған дейін Нарын Жарылғасынов пен Қанат Жүсіпбаевтан басқалары бостандыққа шыққан.

XS
SM
MD
LG