Accessibility links

ҰҚК: 80 адамды содырларға қосылудан алып қалдық


Сирияға "жиһадқа барған қазақтар" екенін мәлімдеген адамдар. (YouTube видеосынан скриншот)

Сирияға "жиһадқа барған қазақтар" екенін мәлімдеген адамдар. (YouTube видеосынан скриншот)

Қазақстан қауіпсіздік органдары 2014 жылы 80-нен аса Қазақстан азаматын үгіт-насихатпен соғысқа тартпақ болған содырлардың жолын кескен. Бұл туралы бүгін Астанада халықаралық терроризм мәселелеріне арналған конференцияда Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков мәлімдеген.

Білісбеков "терроризм қаупін ерте анықтап, азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында" Қазақстаннан содырлар қатарына адам тарту "біршама бәсеңдегені" туралы айтқан.

"Қазақстандықтарды террористік іс-әрекеттерге кейбір елдердегі заңсыз теологиялық оқу орындары арқылы да тартатын жол бар. Осыған байланысты шетелдердегі теологиялық оқу орындарынан Қазақстанның 90 жас азаматын қайтарып алдық. Оларға еліміздегі оқу орындарының базасында теологиялық білім алуға жағдай жасалып жатыр" деген Білісбеков.

Сирияда идеологиялық және әскери дайындықтан өтіп жатқан қазақ балалары туралы 2014 жылы қарашада интернетте тараған насихаттық мазмұндағы видеоға Қазақстан территориясында тыйым салынған. Ал 2013 жылдың соңында өздерін "Сирияға жиһад жасауға қоныс аудардық" деген қазақстандықтар туралы видео тараған. Видеоға түскендер Сирияға әйел, бала-шағасымен барғанын мәлімдеген.

2014 жылы қарашада ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев «Сирияда 300-ге жуық адам жүргенін, оның жартысы әйелдер» екенін айтқан.

XS
SM
MD
LG