Accessibility links

"Уральская неделя" журналистерін сот ақтады


«Уральская неделя» газетінің шығарушы Тамара Еслямова.
«Уральская неделя» газетінің шығарушы Тамара Еслямова.

Орал қалалық соты бүгін жергілікті «Уральская неделя» газетін шығарушысы Тамара Еслямова мен басылым журналисі Талғат Омаров және адвокат Абзал Құспановтың үстінен қозғалған «жала жабу» қылмыстық ісін қарап, үшеуін ақтау туралы үкім шығарған. Бұл туралы «Әділ сөз» құқыққорғау ұйымы хабарлады.

Батыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты Әлібек Сәтбаев аталған газетте былтыр сәуірде шыққан мақалада өзі туралы «көпе көрнеу жалған ақпарат» таратқаны үшін журналистер мен адвокатты «жала жапты» деп айыптап, сотқа берген.

«Дочь в суде, сын в прокуратуре» атты ол мақалада бюджет қаржысы жымқыруға қатысты тергеу ісінен биліктегі ықпалды балаларының арқасында депутат Әлібек Сәтбаев құтылып кеткен-мыс деген адвокат Абзал Құспановтың сөзі келтірілген.

Сот барысында даулы мақала авторы Талғат Омаров бюджет қаржысының талан-таражға салуға қатысты сот ісі жайлы жазғанда Сәтбаевты қаралау ниеті болмағанын, оған түсінік беруді сұрап хабарласқанымен, депутат жауап беруден бас тартқанын айтқан.

Бұған дейін Сәтбаевтың ар-намысын қорғау туралы берген азаматтық шағымын қараған сот журналист Талғат Омаров пен «Уральская неделя» газетінің меншік иесін және адвокат Абзал Құспановтың әрқайсысына талапкердің пайдасына 100 мың теңгеден төлеуді және оның адвокат қызметін жалдауға жұмсаған 100 мың теңгенің орнын толтыруды міндеттеп шешім шығарған. Азаматтық сотты ұтқан соң депутат журналистер мен адвокатты қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап шағым тсүірген.

XS
SM
MD
LG