Accessibility links

Грекия реформалар тізімін ұсынуға уәде етті


Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас.

Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас.

Грекия үкіметі халықаралық қаржы көмегін алу мақсатында жақын күндері Еуропа Одағына экономика саласындағы нақты реформалар тізімін жасап ұсынуы тиіс. Бұл туралы өткен түні Брюссельде Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас пен Еуропа Одағы (ЕО) лидерлерінің үш сағаттық келіссөздерінен кейін хабарланды. Бұл кездесу Брюссельдегі ЕО мемлекет және үкімет басшыларының саммиті аясында өткен.

ВВС-дің хабарлауынша, келіссөздерден кейін Германия канцлері Ангела Меркель Грекия үкіметі реформалар үшін жауапкершілікті толық мойнына алады деп мәлімдеген. Ол «барлығын қысқа уақытта бітіру керектігін» ескерткен және «әркім бұл іске өз үлесін қосуы тиіс» екенін де атап өткен.

Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас бұл талқылаулардан соң оптимистік көңіл-күйде екенін айтқан. Оның сөзінше, тараптардың барлығы Грекия экономикасы тезірек тығырықтан шығуы үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауға ниетті екендерін білдірген.

Сәуірде Грекия өз міндеттемелерін орындауға керек ақшаны таба алмай, проблемаға кезігуі мүмкін. Еуропа Одағында Грекияның жаңа үкіметі жүргізіп отырған саясат бұл елдің еуро аймағынан шығуына апаруы мүмкін деген күдік күшті.

Қаңтар айында билікке келген Алексис Ципрас сайлау кампаниясы кезінде халыққа бұрынғы үкіметтің несие алу үшін енгізген бюджетті қатаң үнемдеу саясатынан бас тартуға уәде берген.

XS
SM
MD
LG