Accessibility links

Астанада ресейлік құс еті саудадан алынды


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Астанадағы сауда желісінен Ресейде өндірілген тауық еті алынғаны туралы бүгін Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми ақпаратта ресейлік «Белгранкорм» және «Ясные зори» кәсіпорындарының құс еті өнімдерінен сальмонелла белгісі табылғаны айтылған. Сонымен бірге ет өнімінде ылғалдың 5 есеге артық екені анықталған.

«Көрсетілген өнімдерге қатысты санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін Ресейдің «Роспотребнадзор» мекемесіне ақпарат жолданды» деген тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Әлиақпар Мәтішев.

Оның айтуынша, комитет Қазақстанның сауда орындарына Ресейден әкелінген жоғарыда аталған кәсіпорындардың құс еті өнімдеріне бақылау жүргізу туралы аймақтық бөлімшелерге тапсырма берген.

Сонымен бірге, Ресейдің Белгород облысындағы «Птицефабрика Новоездоцкая», Курск облысындағы «Курский Агрохолдинг» және Челябинскінің «Уралбройлер» кәсіпорындарының өнімдерінде сальмонелла бары анықталуына байланысты Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тексерулер жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Комитеттің ақпараты бойынша, Қазақстанның сауда орындарынан жалпы салмағы бір тоннаға жуық құс өнімдері алынған.

XS
SM
MD
LG