Accessibility links

Грузияда оппозиция шеруіне мыңдаған адам шықты


Билікке наразылық шеруі. Тбилиси, 21 наурыз 2015 жыл.

Билікке наразылық шеруі. Тбилиси, 21 наурыз 2015 жыл.

Жұма күні Тбилисидің орталығында наразылық шеруіне шыққан мыңдаған адам үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Шеруді елдің бұрынғы президенті Михаил Саакашвили басқаратын оппозициялық «Біртұтас ұлттық қозғалыс» ұйымдастырған.

Шеруге қатысушыларға видеобайланыс арқылы жасаған үндеуінде Саакашвили: «Біздің баршамызды елді күйрететін үкіметтен Грузияны азат ету тілегі біріктірді» деп мәлімдеген.

«Біртұтас ұлттық қозғалыстан» парламентке сайланған Георгий Габашвили мұндай шерулер жақын күндері елдің басқа қалаларында да өтеді деп жариялады.

Наразылық шеруіне шыққандар биліктегі «Грузин арманы» партиясын экономиканы басқаруға біліксіздік танытты деп айыптады. Грузин ұлттық ақшасы – ларидың құны соңғы бір жылда 30 пайызға кеміген, инфляция мен жұмыссыздық деңгейінің өсуінің әсерін ел тұрғындарының көбі сезінген.

«Біртұтас ұлттық қозғалыс» сонымен бірге қазіргі билікті сот жүйесін саяси қарсыластарын қудалау құралы ретінде пайдаланып отыр деп айыптайды. Саакашвили билігі тұсында жоғары лауазымды қызмет атқарған ондаған бұрынғы шенеунік соңғы екі жылда «қызмет бабын теріс пайдаланған» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеге қамалған. Грузия экс-президенті Михаил Саакашвилидің өзі қазір Украина президенті Петр Порошенконың кеңесшісі болып істейді.

XS
SM
MD
LG