Accessibility links

Йеменде хуситтер Таиз қаласын басып алған


2011 жылы үкіметке қарсы наразылықтар кезіндегі Таиз қаласының көрінісі. (Көрнекі сурет)
2011 жылы үкіметке қарсы наразылықтар кезіндегі Таиз қаласының көрінісі. (Көрнекі сурет)

Йеменде шиит көтерілісшілері – хуситтер бүгін елдегі ірі қалалардың бірі Таизды өз бақылауына алды. Олар қаладағы мемлекеттік мекемелер мен стратегиялық маңызы бар бірнеше нысанды, соның ішінде әуежайды, әуе базасы мен орталық түрмені басып алған деп хабарлады жергілікті билік өкілдері батыс ақпарат агенттіктеріне.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі (БҰҰ ҚК) бүгін кезектен тыс отырысында Йемендегі жағдайды талқылайды. БҰҰ ҚК кезектен тыс жиынын өткізу туралы шешімін Йемендегі жағдайға шұғыл араласуды сұраған осы елдің президенті Абд-Рабу Мансур Хадиден өтініш түскен соң қабылдаған.

Йемендегі саяси және әскери жағдай ушығып кетуіне байланысты АҚШ сенбі күні ол елден өз адамдарын алып кетуді ұйғарған.

Наурыздың 20-сы күні Йемен астанасы Санада негізінен хуситтер баратын екі мешітте болған жарылыстар салдарынан кемінде 140 адам қаза тауып, 340-тан аса адам жараланған. Террорлық шабуылдар үшін жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы өз мойнына алатынын мәлімдеген.

Былтыр қыркүйек айында хуситтер Йеменнің солтүстігіндегі ауқымды территорияны ел астанасы Сана қаласымен бірге бақылауына алған. Биыл қаңтарда олар Йемен президенті Абд Рабу Мансур Хадиді биліктен тайдырған.

XS
SM
MD
LG