Accessibility links

Ақтауда планшет зауытын бөлшектеп сатпақ


Қазақстандағы алғашқы планшеттерді өндіреді деген «Аққу» зауыты сол күйі іске қосылмады. Енді мемлекет салған ақшаны шығару үшін зауыт сатылымға шығарылды. Бұл туралы бүгін Ақтаудағы «Лада» газеті хабарлады. Зауыт 2011 жылы ашылып, мұнда күніне 280 планшет пен 180 монитор жасалуы тиіс болған.

Газет ақпаратына қарағанда, әуелі зауыт ғимараты сатылмақ.

- Одан бөлек, біздің несиеге алған 80 миллион теңге қарызымыз бар. Ол ақша зауыт ғимаратын салуға кеткен. Мемлекетке 120 миллион теңге қайтарылуы керек, - дейді басылымға "Каспий" "әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" (ӘКК) басқарма бастығы Ибрагим Тагашев.

«Каспий» ӘКК-сі - зауыттың 91 пайызының иесі. Қалған 9 пайызы жекеменшік «Caspiy Еlectronics» фирмасына тиесілі. 2013 жылы қыркүйекте фирма басшылығына мүлікті талан-таражға салу және алаяқтық бабымен айып тағылды.

Тергеу болжамы бойынша, зауыт Қытайдан планшеттер мен дайын өнімдер әкеліп, оларды өз өнімі ретінде көрсеткен. Мемлекетке 200 миллион теңге (1 миллион АҚШ долларына жуық) шығын келгені хабарланды.

«Caspiy Еlectronics» фирмасы директорының орынбасары Александр Павленко алаяқтық айыбымен алты жылға түрмеге кесілді. «Каспий» ӘКК басқарма төрағасы орынбасары Ерғали Қайыпов қызмет өкілетін асыра пайдалану бабымен үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай рақымшылыққа ілігіп, түрмеге отырған жоқ.

AzattyqTV

30 наурыз

AzatNews

XS
SM
MD
LG