Accessibility links

Бүгін Қырғызстан революциясына 10 жыл толды


Қырғызстан астанасы Бішкектегі шеру. 24 наурыз, 2005 жыл.

Қырғызстан астанасы Бішкектегі шеру. 24 наурыз, 2005 жыл.

Қырғызстандағы тәуелсіздіктен кейінгі бірінші революцияға 10 жыл толды. 2005 жылы 24 наурызда Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс болып, сол кездегі президент Асқар Ақаев туысқандарымен бірге елден кетуге мәжбүр болған еді.

Осыған байланысты бүгін Қырғызстан астанасы Бішкекте «2005 жылғы наурыздағы және 2010 жылғы сәуірдегі халықтық революциялар: себептері мен сабақтары» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр.

Бұл жиынға арнаған жолдауында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев «Билік пен қоғам халықтық революциялардан сабақ алуы керек» деп атап өткен.

Президент жолдауында биліктің ел азаматтарына сүйенгенде ғана тиімді болатыны, биліктің күші сенімде екені және азаматтардың депутаттар мен президент сайлауына жауапкершілікпен қарау керектігі айтылған.

"10 жыл бұрын кезекті мәрте сайлау нәтижесі бұрмаланып, халықтың даусын билік ашық түрде елемегеннен кейін қырғызстандықтар оның түзелуіне деген үмітін жоғалтты. Бүкіл Қырғызстан отбасылық-туысқандық режимге қарсы тұрды",- делінген Атамбаевтың жолдауында.

Президент Атамбаев билікке Ақаевтан кейін келген Бәкиев билігінің де ел үмітін аяқасты етіп, оның соңы 2010 жылғы революцияға бастап әкелгенін айтқан.

Атамбаев 2005 жылғы және 2010 жылғы революциялармен қоса 2002 жылғы Ақсы оқиғасының да Қырғызстандағы бостандық, демократия және әділеттілік үшін маңызды болғанын еске алады.

XS
SM
MD
LG