Accessibility links

Франциядағы ұшақ апатында үш қазақстандық мерт болған


Germanwings әуе компаниясының апатқа ұшыраған Airbus A320 ұшағының сынықтары. 24 наурыз 2015 жыл.

Germanwings әуе компаниясының апатқа ұшыраған Airbus A320 ұшағының сынықтары. 24 наурыз 2015 жыл.

Францияда апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағында Қазақстанның үш азаматы болған деген ақпаратты бүгін Қазақстан сыртқы істер министрлігі растады.

СІМ ұшақ апатында мерт болған қазақстандықтардың аты-жөні Ербол Иманқұлов (1965 жылы туған), Есенғалиева Айжан (1966 жылы туған) және Әділ Ерболұлы Иманқұлов (1989 жылы туған) деп хабарлады.

Сонымен бірге, Германия билік орындары ұшақта болған Елена Блес есімді тағы бір жолаушы әйел де Қазақстан азаматы болуы мүмкін деп хабарлаған. Қазір ресми орындар ол ақпаратты тексеріп жатыр.

Наурыздың 24-і күні Барселонадан Дюссельдорфқа ұшып бара жатқанда белгісіз себептермен апатқа ұшыраған германиялық Germanwings әуе компаниясының Airbus A320 ұшағында, соңғы мәліметтер бойынша, 150 адам болған. Жергілікті уақытпен сағат 10.53 шамасында, жерден екі жарым мың метрдей биікте болған ұшақ радардан көрінбей кеткен.

Француз полициясы апаттан ешкім тірі қалмаған дейді. Құтқарушылар таулы жерге құлаған ұшақ жолаушыларының сүйектерін іздестіру бірнеше күнге жалғасуы мүмкін екенін айтады.

XS
SM
MD
LG