Accessibility links

Airbus A320 ұшағының "қара жәшігі" тексеріле бастады


Германия канцлері Ангела Меркель (солдан оңға қарай), Франция президенті Франсуа Олланд, Испания премьер-министрі Мариано Рахой Germanwings компаниясы ұшағы апатқа ұшыраған жерде тұр. 25 наурыз 2015 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель (солдан оңға қарай), Франция президенті Франсуа Олланд, Испания премьер-министрі Мариано Рахой Germanwings компаниясы ұшағы апатқа ұшыраған жерде тұр. 25 наурыз 2015 жыл.

Француз мамандары Альпі тауында құлаған Airbus A320 ұшағының «қара жәшігін» зерттеуге кірісті. New York Times басылымының хабарлауынша, ұшақ апатқа ұшырардың алдында ұшқыштардың бірі кабинадан шығып кетіп, қайтадан кіре алмаған.

«Ұшқыш кабина есігін сыртынан қаққанымен іштен жауап болмаған. Есікті бұдан да қатты қаққанымен, ешкім жауап бермеген» деген басылымға ұшақтың «қара жәшігіне» дерекке сүйенген, аты-жөнін айтпаған сарапшылардың бірі. «Есік қирайтындай қағылған дыбысты естімеу мүмкін емес» деген сарапшы.

Наурыздың 25-і күні ұшақ апаты орнына Франция президенті Франсуа Олланд, Германия канцлері Ангела Меркель, Испания премьер-министрі Мариано Рахой барып қайтқан.

Наурыздың 24-і күні Барселонадан Дюссельдорфқа ұшып бара жатқанда белгісіз себептермен апатқа ұшыраған германиялық Germanwings әуе компаниясының Airbus A320 ұшағында 150 адам болған, ешқайсысы тірі қалмаған. Франция билік орындары ұшақ сегіз минут бойы біртіндеп төмендей бергенін айтады. Жергілікті уақытпен сағат 10.53 шамасында радардан көрінбей кеткен кезде ұшақ жерден екі жарым мың метрдей биікте болған.

Ұшақта Германияның 67 азаматы, соның ішінде 16 мектеп оқушысы, Испанияның 45 азаматы болған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі ұшақтағы жолаушылар арасында Қазақстанның үш азаматы – 50 жастағы Ербол Иманқұлов, 49 жастағы Айжан Исенғалиева мен 26 жастағы Әділ Иманқұловтың болғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG