Accessibility links

Иран президенті бес ел басшысына хат жолдады


Иран президенті Хассан Роухани.
Иран президенті Хассан Роухани.

Иран президенті Хассан Роухани АҚШ президенті Барак Обамаға Иранның ядролық бағдарламасына қатысты түпкілікті келісім жасау мерзімі таяп қалуына байланысты хат жолдады. Түпкілікті келісім 31 наурызға дейін жасалуы тиіс.

Иран президенті осындай хатты келіссөзге қатысушы өзге де елдер - Ұлыбритания, Франция, Қытай, Ресей және Германия басшыларына да жіберген. Бірақ хатта не айтылғаны хабарланбады.

Роухани Ұлыбритания, Франция, Қытай және Ресей басшыларымен телефонмен сөйлескен. "Біз елдеріміз бен халықаралық қауымдастық мүддесіне қызмет ететін мұндай тамаша мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек" деген Роухани Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен сөйлескенде. Роухани келісімнің алғышарттары Иранның ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта іске асуы мен әділетсіз түрде салынған барлық санкцияларды жоюды қарастыруы тиіс деген. Ал Кэмерон Иранды мейлінше жұмсақтық танытуға шақырған.

Иранмен бірге келіссөзге қатысушы елдер Иранға салынған санкцияларды бірден алып тастау қажет емес, тек Тегеран келісімді бұзған жағдайда қайта енгізе салатындай етіп тоқтата тұру керек деген ұстанымда.

Франция президенті кеңсесінің мәлімдеуінше, Франсуа Олланд Иранның азаматтық мақсаттағы атом энегетикасын дамытуына хақы барын мойындап, мәселе ұзақ мерзімге, сенімді түрде шешілуі тиіс деген.

Швейцарияның Лозанна қаласында талқыланып жатқан келісімнің талаптары мен шарттары әзірге белгісіз. 25 наурызда Барак Обама әкімшілігінің аты-жөнін атамаған өкілі баспасөзге Иранның ядролық зерттеулеріне шектеулер қоюға қатысты алдын-ала келісім 31 наурызға дейін жасалуы тиіс деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG