Accessibility links

Назарбаев Шымкентте жұртшылықпен кездесті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 20 наурыз 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 20 наурыз 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Шымкентте "Наурыз алаңы" алаңында "Мерейлі мақсатымыз - Мәңгілік ел" деп аталатын салтанатты шараға қатысып, тұрғындар алдында сөз сөйледі.

Жиналғандар алдында сөйлеген Назарбаев Қазақстан әлемдік дағдарысқа қарамастан "қарқынды дамып келе жатқанын" және мемлекеттің білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты мәселелеріне ерекше назар аударып отырғанын айтты.

Назарбаев бұған қоса "Балапан" бағдарламасы аясында облыста балалардың 70 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілгенін, бала мен ана өлімі 20 пайызға азайды деді. Президент "елде медицинаның дамуына ерекше көңіл бөлініп" жатқандықтан тұрғындардың өмір сүру жасының орташа ұзақтығы 70 жасқа жеткенін айтып, мұны "Қазақстан дамуының көрсеткіші" деп атады.

Салтанатты шарада театрландырылған көріністер қойылып, концерт берілді. Шараға жиналғандар қолдарына Қазақстан туы мен президенттікке кандидат Назарбаевты қолдайтыны жазылған плакаттар ұстап шықты.

26 наурызда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына кандидаттардың үгіт-насихат науқаны басталған. Президенттікке "Нұр Отан" партиясы ұсынған кандидат Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына кеше, үгіт-насихаттың алғашқы күні барған.

Назарбаев бүгін Оңтүстік Қазақстан облысына сапарынан соң Жамбыл облысына жұмыс сапарымен Тараз қаласына барды.

XS
SM
MD
LG