Accessibility links

Ходжентте «иран және ауған киімдеріне» тыйым салды


Хиджаб киген тәжікстандық әйелдер. (Көрнекі сурет)

Хиджаб киген тәжікстандық әйелдер. (Көрнекі сурет)

Тәжікстанның солтүстігіндегі Ходжент қаласының билігі «иран және ауған үлгісіндегі киімдерді» сатуға жол бермеу үшін арнайы тексеру шараларын өткізуді талап етті. Ходжент мэрі Радджаббой Ахмадзода Соғды облысы басшылығын жергілікті базарлар мен сауда орындарында «ауған және иран үлгісіндегі» киімдерді сатуға тыйым салуға шақырды.

Бұл туралы Ходжент мэрі кеше өткен қала әкімшілігінің жиналысында айтқан. Ол еуропалық киім үлгісінен басқадай киінуді қалайтын жергілікті әйелдерді тәжіктің ұлттық үлгідегі киімдерінен бас тартпауға шақырған. Азаттықтың Тәжік қызметіне телефон арқылы берген сұхбатында Ходжент мэрі Ахмадзода былай деді:

– Мен қаламызда болашақта елдің бәрі ұлттық үлгідегі киімдер кисе деген тілекпен осындай ұсыныстар айттым. Әрбір тәжік әйелі киім кигенде де ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуі тиіс. Өзге елдердің киімі бізге бөтен көрінеді. Тәжік мәдениетін төмендетуге болмайды.

Ходжент мэрі ішкі істер басқармасына, сонымен бірге дін істері, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты реттеу жөніндегі бөлім басшылығына мешіттерде «салафилік емес, ханафи мазхабымен намаз оқылуын» бақылауға алуды тапсырған. Ол сонымен бірге Азаттықтың Тәжік қызметіне «әйелдердің радикалдық ағымға қосылуына жол бермеу» туралы жарлық бергенін айтқан.

Бұған дейін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қоғамда қыздар мен әйелдер «тәжік мәдениеті мен салт-дәстүріне келмейтін» қара түсті киіммен жүретінін айтқан еді. Тәжікстандық белсенділер биліктің іс-шарасын «дискриминациялық сипатта» деп сынаған.

XS
SM
MD
LG