Accessibility links

Жарылқап Қалыбай саяси партия құруды ұсынды


Бүгін Алматыда «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай баспасөз жиынын өткізіп, саяси партия құру жөнінде бастама көтерді.

Жарылқап Қалыбай Қазақстанда сөз бостандығы мен ой еркіндігіне шектеу салынғанын, қазіргі уақытта Қазақстан азаматтарының саяси еркін ашық білдіретін саяси партия қалмағанын айтты.

Оның сөзінше «советтік компартияның орнын «Нұр Отан» партиясы алмастырған. Ал 90-жылдардың басындағы «Азат» партиясы мен 2000 жылдардың басындағы шынайы «Ақжол», кейінгі «Нағыз Ақжол» партиясы авторитарық биліктің қысымымен жұмысын тоқтатқан. Ал қазіргі «Ақ жол» мен ЖСДП-ның оппозициялық әрекетіне сенбейтіндер көп».

Жарылқап Қалыбайдың сөзінше, Қазақстанның қазіргі саяси жағдайында ұлтына қарамастан Қазақстан азаматтарының барлығының мүддесін қорғай алатын ұлттық-демократиялық партия құру қажет.

Жарылқап Қалыбайдың бастамасын спикерлердің бірі Ермұрат Бәпи мен баспасөз мәслихатына келгендер қолдайтындарын білдірді. Олар «билікке қарсы шықпайтын, бірақ ұлттық мүддені қорғайтын» партия құруға билік те қарсы болмауы тиіс деген ойларын білдірді.

Бірақ Жарылқап Қалыбай ұйымдастырған баспасөз-мәслихатына Азаттық тілшісінен өзге ақпарат құралдарының қатыспауын биліктің бұл идеяға қарсылығы ретінде қабылдайтынын айтты.

Баспасөз жиынына қатысқан саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстанның қазіргі ішкі жағдайында және Украина мен Ресей төңірегіндегі жағдайға қарап отырып, шын мәнінде елдің қолдауына ие болатын партия құрылып, іске кіріскенін қолдайтынын айтады. Оның айтуынша қазіргі партиялар арасында халықтың шынайы сеніміне ие партия жоқ.

- Ұлттық деген термин мемлекеттік деген терминмен пара-пар. Бірақ билік мұндай партияға мұқтаж ба? Билік тек қуыршақ партияларды ғана қолдап келеді. Шын мәнінде саяси бәсекелестікке жол беруге мүдделі емес екенін әр кез көрсетіп келді, - дейді Расул Жұмалы.

Жарылқап Қалыбай биыл сәуірдің 26-сында өтетін президент сайлауына қатысуға ынта білдіріп, орталық сайлау комиссиясының жанындағы лингвистикалық комиссия сынынан өткен. Өзінің айтуына қарағанда, президенттікке кандидат ретінде тіркелу үшін қажетті 93 мың адамның дауысын жинауға бес күн уақыт жетпеген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG