Accessibility links

Царнаев сотында куәгерлерден жауап алу аяқталды


Бостон марафонындағы жарылыстарды жасады деп айыпталған Джохар Царнаев.

Бостон марафонындағы жарылыстарды жасады деп айыпталған Джохар Царнаев.

Бостонда 2013 жылғы марафон кезінде болған жарылысқа күдікті Джохар Царнаевтың ісі бойынша сот процесінің алғашқы бөлімі куәгерлерден жауап алумен аяқталды.

Сот процесі енді сәуірдің 6-сында қайта жалғасады. 2013 жылғы сәуір айында ағайынды Тамерлан және Джохар Царнаевтар ұйымдастырды делінген екі жарылыстан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жараланған.

Арасында Федералдық тергеу бюросының екі агенті бар куәгерлерге қойылған сұрақтар негізінен Царнаевтардың компьютерінен табылған радикалды исламшылардың интернет сайттарына және жылдам ас дайындайтын бу ыдысы бөліктеріндегі саусақ таңбаларына қатысты болды. Ыдыс бөлшектерінен марафон кезінде қойылған бомбалар жасалған болатын.

Айыптаушылар өз ұйғарымдарын дәлелдеу үшін 88 куәгерді шақыртып, 12 күн жауап алды. Царнаевтың адвокаттары сот басталар алдында оның айыпты екенін мойындап қойғандықтан бар-жоғы төрт куәгер шақыртып, олардан екі күн ғана жауап алынды.

Енді 12 алқа судьясы мен оларға қосымша алты кеңесші судья Царнаевтың айыпты, я айыпсыз екенін анықтайды. Егер Царнаев айыпты деп танылса, онда алқа тараптардың уәждерін тыңдап, айыпталушыға өлім жазасын кесу я өмір бойына түрмеге жабу жазасын беру жайын шешеді.

Қорғаушылары 21 жастағы Царнаевтың радикалды ислам идеяларын сіңірген ағасы Тамерланның "ықпалында болғанын" дәлелдегісі келеді. Тамерлан терактіден бірнеше күннен соң полицямен атыста қаза тапқан.

Сәуірдің 6-сындағы сотта алқа судьялары айыптау жағы мен қорғаушылардың соңғы сөзін тыңдап, үкім шығаруға дайындыққа кіріседі.

Джохар Царнаевқа 30 бап бойынша айып тағылған. Оның 17-сі бойынша өлім жазасы кесілген.

Марафондағы жарылысты тергеу ісіне кедергі келтірді деген айыппен АҚШ-тағы қазақстандық студенттер, Джохар Царнаевтың танысы Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев та сотқа тартылған. Олар да 2013 жылдың сәуірінен бері қамауда отыр. Оларға қатысты үкім биыл шығып қалуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG