Accessibility links

Airbus A320 ұшқышы интернетте суицид жайлы іздеген


Апатқа ұшыраған Airbus A320 ұшағының ұшқышы Андреас Любиц.
Апатқа ұшыраған Airbus A320 ұшағының ұшқышы Андреас Любиц.

Германия прокуратурасының хабарлауынша, Альпі тауларында апатқа ұшыраған Germanwings компаниясы ұшағының ұшқышы Андреас Любиц интернетте өз-өзіне қол жұмсау әдістерін іздестірген.

Прокуратура Любицтің Дюссельдорфтағы пәтерінен табылған компьютерден оның интернетке кірген браузерлері мен интернетте қараған ақпараттарын тексерді. Тексеру барысында Любицтің ұшақ экипажы кабинасындағы есіктің жұмыс істеу қызметіне қатысты да мәліметтерді іздегені анықталған. Компьютердегі мәліметтер, оның ішінде 16-23 наурыз аралығындағы деректер әлі өшірілмеген.

Француз зерттеушілері кеше Airbus A320 ұшағы апатқа ұшыраған аумақтан ұшақтың техникалық мәліметтерін жазатын екінші "қара жәшігін" тапқан. Бұған дейін ұшақ экипажы кабинасындағы сөздерді жазып алатын "қара жәшік" табылған болатын. Тергеушілер ол "қара жәшікті" зерттеу нәтижесінде "депрессияға ұшыраған Любиц жалғыз өзі ұшақты апатқа ұшыратты" деп түйген.

Airbus A320 ұшағы наурыздың 24-і күні Барселонадан Дюссельдорфқа ұшып бара жатқанда белгісіз себептермен апатқа ұшырап, ұшақтағы150 адамның барлығы қаза тапқан. Қаза тапқандар арасында Қазақстанның үш азаматы да бар.

Марсель прокуроры Брис Робин тергеушілер 150 адамның ДНҚ үлгісін жинағанын, бірақ ол үлгілерді құрбан болғандардың туыстарынан алынған ДНҚ үлгілерімен салыстыруға біраз уақыт кететінін айтады.

XS
SM
MD
LG