Accessibility links

Хаменеидің кеңесшісі алдын ала келісімді сынады


Иран рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің кеңесшісі Хоссейн Шариатмадари.
Иран рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің кеңесшісі Хоссейн Шариатмадари.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі әрі консерваторлық «Кайхан» газетінің редакторы Хоссейн Шариатмадари Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты әлемдік алты державамен жасаған алдын ала келісімді қатты сынға алды.

Ол бүгін билікшіл Fars агенттігіне берген сұхбатында келісім «Иранның пайдасына болған жоқ» деп мәлімдеген. Шариатмадаридің сөзінше, ядролық бағдарламаны тоқтатуға мәжбүр болса Иран «ақыр соңында құр қол қалмақ».

Иран мен АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия кеше Швейцариядағы келіссөздерде Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты «негізгі мәселелер» бойынша алдын ала келісім жасасқан. Иран халқы бұл жаңалықты қуана қарсы алды.

Алдын ала келісім Тегеранның ядролық бағдарламасына шектеу қояды. Өз кезегінде АҚШ, Еуропа Одағы және БҰҰ бұған дейін Иранға салынған санкцияларды алып тастауға келіскен. Бұл санкциялар Иран экономикасына өте ауыр тиген еді.

Тараптар маусым айының соңына дейін түпкілікті келісім жасасуы тиіс.

XS
SM
MD
LG