Accessibility links

Алматыда Орталық Азия қолөнері фестивалі ашылды


«Киіз үй мерекесі» фестивалі. Алматы, 4 сәуір 2015 жыл.
«Киіз үй мерекесі» фестивалі. Алматы, 4 сәуір 2015 жыл.

Алматыда бүгін «Киіз үй мейрамы» фестивалі ашылды. Екі күнге жалғасатын шараға, ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркіменстаннан 60 қолөнерші қатысып жатыр.

«Киіз үй мерекесіне» келушілер әртүрлі үлгідегі киіз үйлер, кілемдер, ұлттық киімдерді тамашалап, ұлттық ас түрлерінен дәм татты. Сонымен бірге, қазақтың ұлттық ойындары мен «Бесікке бөлеу», «Тұсау кесу» және қырғыздың «Бұрым өру» ұлттық салт-дәстүрі көрсетілді. Қазақ ұлттық музыка аспаптарынан құралған оркестр концерт қойса, Орталық Азияның төрт елінің қолөнершілері өздері дайындаған заттардан жәрмеңке ұйымдастырып, жібекке өрнек салу мен жүннен бұйымдар жасау шеберліктерімен бөлісті.

«Киіз үй мейрамы» фестивалін Алматы қолөнершілер палатасы, CACSA (Орталық Азиялық қолөнерді қолдау ассоциациясы) ұйымы және Алматыдағы ЮНЕСКО бюросы ұйымдастырған. Бұл шара былтыр ЮНЕСКО қазақтың дәстүрлі домбыра күйі өнерін, қазақ және қырғыз халықтарының киіз үй дайындаудағы дәстүрін бейматериалдық мәдени мұралар тізіміне енгізуіне арналған. Сонымен бірге, «Киіз үй мейрамы» Қазақ хандығының 550-жылдық мерейтойы мен көктемгі Наурыз мерекесі аясында өткізіліп отыр.

XS
SM
MD
LG